Жоғарғы Сотта сот әкімшілігі мәселелері бойынша халықаралық сарапшылармен бірқатар кездесулер өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХатпен жіберуХатпен жіберуPDFPDF

Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшылығы сот әкімшілігін жетілдіру мәселелері бойынша халықаралық сарапшылар Берт Маанмен (Голландия) және Рэймонд Бернингхаммен (Ұлыбритания) кездесті. Іс-шараны Департамент басшысы Н.Шәріпов жүргізді.

Іс-шара Еуропа Кеңесі Бағдарламасының қолдауымен Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіру жөніндегі жобасымен (бұдан әрі – Жоба) бірлесіп ұйымдастырылды. Халықаралық сарапшылар сот әкімшілігі бойынша біршама судьялық өтіл мен жұмыс тәжірибесіне ие. Бұған қоса, олар Ресей, Түркия, Грузия, Украина, Армения және т.б. елдерде кеңес беру бағытында жұмыс істеген.

Кездесуге Жоғарғы Соттан Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен  жауапты қызметкерлері, сондай-ақ, Жоба өкілдері қатысты.

Әңгіме барысында Н.Шәріпов меймандарға Ұлт Жоспары шеңберіндегі сот жүйесіндегі соңғы реформалар туралы ақпарат берді. Бұл, ең алдымен, сот төрелігінің үш сатылы жүйеге көшуі, Азаматтық процестік кодекстің жаңаруы, судьяларға қойылатын талаптарды күшейту және т.б. Мұның барлығы сот төрелігіне деген қолжетімділікті айтарлықтай кеңейтті, азаматтарды сотта қорғау сапасы, соттар жұмысының тиімділігі артты және қазақстандық соттарды ЭЫДҰ елдерінің стандарттарына жақындата түсті.

Дей тұрғанмен, сот-құқық реформасы – бұл тұрақты дамытуды көздейтін ауқымды әрі ұзақ мерзімді процесс. «Осы тұрғыдан алғанда бүгінде сот әкімшілігін жетілдіру, соттар жұмысын ұйымдастырудағы кадрлық ұтқырлық  мәселелері мен соттар жұмысын ұйымдастырумен байланысты өзге де аспектілер өзекті болып табылады», - деді Н.Шәріпов. Жұмыстың осы бағыты алдағы уақытта Жоғарғы Сот аппараты үшін басымдыққа ие болатындығы айрықша аталып өтілді.

Халықаралық сарапшылардың сапары аясында Жоғарғы Сот судьяларымен, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен бірқатар кездесулер өткізу, жергілікті соттардың және Сот төрелігі академиясының қызметімен танысу көзделген.

Жоба қорытындысы бойынша республиканың сот әкімшілігін одан әрі жетілдіру бойынша тәжірибелік ұсынымдар әзірленетін болады. Тәуелсіз әрі толыққанды сот төрелігіне жағдай жасауға бағытталған ұйымдастырушылық-кадрлық, қаржылық, материалдық-техникалық, ақпараттық-коммуникациялық және өзге де қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударылатын болады.

 

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Қазақстанда сот әкімшілігін жетілдіру бойынша халықаралық сарапшылар Берт Маан және Рэймонд Джон Бернингхаммен кездесу өткізді.

Кездесуде меймандарға «Сот кабинеті» сервисінің жұмысы таныстырылып, Елбасының «Озық сот практикасы – бұл сот процесінің қазіргі заманауи базасы болатын, электронды озық технологияға ауысу арқылы қағаз құжат айналымнан бас тарту» керек деген сөздерін айтып өтті. 2017 жылдың 8 айында облыс соттарына 22 327 талап арыз түсіп, соның ішінде 18 198 – «Сот кабинеті» арқылы келіп түсті.

Халықаралық сарапшыларға ақпараттық-анықтамалық киоскінің және кеңсе, медиация кабинетінің жұмысымен таныстырды. 2017 жылдың 8 айында 32 366 іс қаралып, соның ішінде 1164 іс бойынша медиацияны қолданумен аяқталған, бұл 3,6 пайызды құрап отыр. Сарапшылар сот отырысының залдарымен танысып, қылмыстық іс бойынша сот отырысына қатысты.

Кездесу барысында сарапшылар облыстық соттың мұражайын тамашалап, ондағы экспонаттармен және артефактілермен танысты. Іс-шараның соңында меймандар аудандық және оған теңестірілген соттармен бейнебайланыс арқылы өткізілген кеңеске қатысты.

Халықаралық сарапшылар сапар барысында Ақкөл аудандық, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында болып, олардың жұмысымен және сот жүйесіндегі жаңа ақпараттық технологиялармен танысты.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі
Пікірлер мен ұсыныстар